Орал гуманитарлық-техникалық колледжінде жыл сайын дәстүрлі түрде аталып өтетін Наурыз мерекесіне арналған шара болды. Шараның мақсаты: студенттердің ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып саласынан білімін кеңейту, халқымыздың салт-дәстүрін қастерлеу болып табылады. Шараны саз кафедрасының оқытушылары мен  студенттерінен  құралған домбырашылар «Балбырауын», «Ерке сылқым» күйлерімен  ашты. Биылғы жылдың еліміздің тарихындағы, халқымыздың тағдырындағы алатын орны ерекше. Біздің мемлекетіміздің, яғни Қазақ хандығының құрылғанына 550 жылдығына арналған «Сұлтандар кеңесі» көрінісі сахналанды. Сонымен қатар, «Ассамбляның 20 жылдығы»  шарада  орындалған түрлі ұлттың әндері мен билерінен көрініс тапты.   Атап айтар болсақ,  4б КШМ  тобының студенттері «Украина» әнін, 3б КШМ  тобының студенті Меңдығалиева Бибінұр  қырғыз әні «Ахау, керімді» нақышына келтіріп, әдемі орындады. Халқымыздың салт-дәстүрлері мен ұлттық тағамдары да назардан тыс қалмады. Шараға колледждің атқарушы директоры И.К. Кальченко бастаған ұстаздар қауымы қатысып, құттықтау сөз айтты. Мереке соңында қонақтарға ұлттық тағамдар ұсынылды.

FaLang translation system by Faboba