Елімізде орта білім беру мазмұнын жаңарту шеңберінде білім беру үдерісінің құрылымы мен мазмұнына елеулі өзгерістер енгізілуіне байланысты қаламыздағы «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы Батыс Қазақстан облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының лекторларымен 12-қаңтар күні Орал гуманитарлық - техникалық колледжі мен Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжінің оқытушыларына арналған «Жаңартылған білім беру бағдарламасы негізінде сабақты жоспарлау мен критериалды бағалау» және «Білім беру мазмұнының жаңаруы негізінде критериалды бағалауды қолданудың ерекшеліктері» тақырыптарында оқу семинары өтті.
Жаңартылған білім беру бағдарламасы аясында оқу үдерісі мен критериалды бағалауды жоспарлау және ұйымдастыру дағдыларын қалыптастыру мақсатында өткізілген семинарда оқытушылар жаңартылған мазмұндағы пән бағдарламаларының құрылымымен танысып, қолданыстағы бағдарламамен салыстыру жүргізіп, ерекшеліктерін анықтады, оқу мақсаттарының жүйесіне талдау жасады. Критериалды бағалаудың түрлері, соның ішінде қалыптастырушы бағалаудың оқу жетістігін жақсартудағы қызметіне тоқталды. Жаңартылған білім бағдарламасы аясында қысқа мерзімді сабақты жоспарлау және кері байланыс беру мен рефлексия туралы тәжірибелік тапсырмаларға белсенді қатысты. Семинар соңы пікір алмасу мен талқылауға ұласты.
Семинар ұйымдастыру туралы ұсынысымызды қабылдап, қолдау танытқан БҚО ПҚБАИ директоры, педагогикалық ғылымдарының кандидаты С.С.Ізмұханбетова, оқу-әдістемелік ісі жөніндегі директордың орынбасары Е.Н.Сафуллин және семинар жетекшісі А.Б.Хайруллинаға, лекторлар: А.Ж.Абдрахманова, А.Г.Мухашева, С.Қ.Әбитова, Р.Б.Мулдағалиева, С.К.Сексенбаева, З.В.Жакслыковке алғысымыз шексіз. Жасампаз еліміздің білім беру жүйесін жаңарту бағытында жасап отырған еңбектеріңіз жана берсін!